Көлік министрлігі көлік саласын цифрландыру жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда. Халықаралық тасымалдарды дамыту және тасымалдаушылар үшін рәсімдерді жеңілдету аясында Әзербайжан, Түркия және Қырғызстанмен электрондық рұқсат бланкілерімен алмасу тетігі енгізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрілігіне сілтеме жасап.
Электрондық форматқа көшу қағаз түріндегі бланкілерден бас тартуға және әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Енді рұқсаттарды рәсімдеу мен пайдалану тараптардың интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы цифрлық форматта жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметті elicense.kz порталындағы «Көлік» бөлімі арқылы алуға болады. Электрондық рұқсат алу үшін автокөлік құралы Қазақстан Республикасында тіркеліп, халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсаты болуы тиіс.
Қазақстан көлік саласындағы цифрлық өзара іс-қимыл географиясын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Бұған дейін Қытай мен Өзбекстанның шетелдік рұқсат бланкілерін цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. Ал Әзербайжан, Түркия және Қырғызстанмен электрондық алмасудың іске қосылуы саланы цифрлық трансформациялаудың кезекті кезеңі болды.
Көлік министрлігі аталған тетікті кеңейту және жаңа серіктес елдерді қосу жұмыстарын жалғастырады.
ТАСЫМАЛДАУШЫЛАРДЫҢ НАЗАРЫНА
Электрондық форматқа көшуге байланысты Көлік министрлігі рұқсат бланкілерін үшінші тұлғалар арқылы сатып алуға жол берілмейтінін ескертеді.
Берілген электрондық рұқсаттар туралы барлық мәліметтер, оның ішінде тасымалдаушы мен көлік құралының деректері (мемлекеттік тіркеу нөмірі) автоматты түрде Әзербайжан, Түркия және Қырғызстанның ақпараттық жүйелеріне жіберіледі.
Белгіленген тәртіпті бұза отырып рәсімделген, оның ішінде үшінші тұлғалар арқылы алынған рұқсат пайдаланылған жағдайда деректер сәйкессіздігі анықталады. Бұл аталған мемлекеттердің аумағына кіргізбеуіге, сондай-ақ өзге де жауапкершілік шараларының қолданылуына әкелуі мүмкін.
Министрлік тасымалдаушыларды рұқсаттарды тек ресми мемлекеттік сервистер арқылы рәсімдеуге және белгіленген тәртіпті қатаң сақтауға шақырады.