Елорданың Алматы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Абылай хан көшесі, 12/2 мекенжайында күрделі абаттандырылған кезекті ауланың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Алматы ауданы әкімінің орынбасары Сералы Тәжіханов, Астана қаласы мәслихатының депутаты Динара Байсеркина, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.
Жас тұрғындарға арнап аниматорлардың қатысуымен мерекелік бағдарлама мен концерттік қойылымдар ұйымдастырылды. Аулада қуанышқа, балалар күлкісіне және мерекелік көңіл күйге толы ерекше атмосфера қалыптасты. Сонымен қатар, балаларға естелік сыйлықтар табысталды.
Абаттандыру аясында жайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар кешені жүргізілді. Аулаға жаңа балалар ойын кешендері мен шағын сәулеттік нысандар орнатылып, ойын алаңдарының жабындары мен гүлзарлар жаңартылды, футбол алаңы жөнделіп, спорт алаңдары мен автотұрақ аймақтары абаттандырылды, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Белсенді өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп, аула аумағында ашық аспан астында спортпен шұғылдануға арналған заманауи workout-аймақ жабдықталды.
Алматы ауданында аулаларды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Негізгі мақсат – барлық жастағы тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру.
Жаңартылған аула бүгінде балалар, жастар және тұрғындар үшін тартымды демалыс орнына айналып, елордадағы қалалық ортаны дамыту бағытындағы оң өзгерістердің тағы бір жарқын үлгісі болды.