Елорданың Алматы ауданында К.Рысқұлбеков көшесіндегі 16/1 және 16/3 мекенжайларында жаңартылып, абаттандырылған аулалар салтанатты түрде ашылды. Жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жөндеуден өткен аулалардың ашылуына тұрғындар, аудан әкімдігінің өкілдері мен мердігер ұйымдар қатысты. Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тасболаттың айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы әрбір тұрғынға өз көшесінің, ауласының, шағын ауданының дамуына нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.
Аулаларда ауқымды жұмыс атқарылды: шағын сәулет нысандары, балаларға арналған ойын алаңдары орнатылып, гүлзарлар мен ойын алаңдарындағы жабындар ауыстырылды, футбол және баскетбол алаңдары жөнделді, жаңа спорттық нысандар мен автотұрақ орындары, сондай-ақ орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Спорт инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлініп, ашық ауада жаттығуға арналған заманауи workout-аймақ салынды.
Оның айтуынша, 2025 жылға арналған бағдарламаға қатысу үшін 123 өтінім түскен. Сараптамалық кеңестің қарауынан кейін олардың 107-сі дауыс беру кезеңіне өтті, ал 15 жоба ғана іске асыруға жіберілді.
Еске сала кетейік, Астанада биыл 170 - ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын үй алаптарын қамтиды. Оның бір бөлігі қазірдің өзінде аяқталған.