Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қалалық басқаруда цифрландыруды дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған бастамалар Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жылы аясында жүзеге асырылып, қаланың тәжірибелік міндеттері мен тұрғындардың сұранысына бағытталған.
Басым бағыттар қатарында тұрғындарға арналған электрондық сервистерді дамыту, әкімдіктің ішкі үдерістерін цифрландыру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және қоғамдық қауіпсіздік салаларына, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне зияткерлік шешімдерді енгізу бар.
Қала әкімі атап өткендей, цифрлық шешімдер қалалық қызметтердің сапасын арттыруға, басқарушылық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және алматылықтар үшін қолайлылықты күшейтуге тікелей ықпал етуге тиіс.
Кеңес қорытындысы бойынша 2026–2030 жылдарға арналған Smart City стратегиясын іске асыруды қамтамасыз ету, электрондық сервистер мен азаматтардың өтініштерін қарау жүйесіне жасанды интеллектті енгізуді жеделдету, сондай-ақ қалалық қызметтер арасындағы үйлестіруді күшейту тапсырылды.