«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласындағы №1 балалар кітапханасында табиғатқа жанашырлықпен қарауды қалыптастыруға бағытталған экологиялық сағат ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара балаларға табиғатты сүюді дәріптеуге бағытталып, «таза орта» мен «таза ой» ұғымдарын ұштастырды. Оқушылар экологиялық мәдениеттің негіздерімен танысып, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін және табиғи ресурстарды сақтаудағы адамның рөлін талқылады.
Қатысушылар табиғатты қорғаудың маңызы туралы өз ойларын ортаға салып, белсенділік танытты.
Іс-шара соңында оқырмандарға «Қоршаған ортаны сақтайық» атты тақырыптық кітап көрмесі ұсынылды.
«Әрбір айтылған ой, ұсынылған әрбір кітап балалардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастырады. Осындай игі бастамалар арқылы біз келер ұрпаққа таза әрі көркем әлемді аманаттай аламыз. Таза орта – таза ойдан басталады, ал табиғатты қорғау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз», – деді №1 балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлкен Ахметова.
Айта кетейік, кітапханада «Таза Қазақстан» тақырыбында балаларға арналған түрлі танымдық әрі тәрбиелік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Олар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.