Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл шаралар өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтып, жол қозғалысы мәдениетін арттыруға бағытталған. Іс-шараға учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция батальоны мен полкінің қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұлан жауынгерлері жұмылдырылды. Рейд барысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы басшылығының тікелей бақылауында өтті.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтың айтуынша, мұндағы басты мақсат – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Алайда жүргізілген профилактикалық шараларға қарамастан, бір тәулік ішінде облыс бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 800-ден астам дерегі тіркелген. Оның ішінде 70 жағдай өрескел құқық бұзушылық санатына жатады.
Сондай-ақ рейд барысында бұрын мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың қайта құқық бұзуының алдын алуға ерекше көңіл бөлінген.
Қарағанды облысында мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын сақтауға және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.