Елордада полиция биыл 1 миллионнан астам қоңырауға жедел жауап берді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл елорда полициясы "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізді. Жыл басынан бері Астана қаласында профилактикалық және жедел іс-шаралардың кең ауқымы жүзеге асырылып, бірқатар маңызды оң нәтижелерге қол жеткізілді. Негізгі басымдық интернет-алаяқтықтың алдын алуға, есірткінің заңсыз айналымымен күреске, вандализм фактілерін болдырмауға, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ абаттандыру мен санитарлық тәртіп саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
Криминалдық полиция желісі бойынша қылмыстарды ашу және олардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Жыл басынан бері елорда аумағында 12 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде тіркелген қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға төмендеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында іздеуде жүрген 67 адам ұсталып, ұрлық қылмыстарымен айналысқан 11 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Интернет-алаяқтыққа қарсы күреске ерекше назар аударылды. Жыл ішінде бұл санат бойынша 4 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға азайды. Интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізу нәтижесінде 1 300-ден астам интернет-ресурс бұғатталып, алаяқтық аккаунттар мен арналардың жолы кесілді.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл тұрақты негізде жүргізілді. Нәтижесінде шамамен 500 келі есірткі заты тәркіленіп, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар 3,6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар 2 500-ден астам наркограффити жойылды. "Астана – есірткісіз қала" акциясы аясында әкімдікпен, мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған 700-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді. Қоғамдық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитарлық нормалардың сақталуын бақылау бағытында да нақты шаралар қабылданды. Қаланы заңсыз қоқыстағаны үшін 500-ге жуық жүк көлігі жүргізушісі мен 200-ден астам ассенизатор көлігінің иесіне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі де басты назарда болды. Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында мас күйінде көлік басқарған 1 700-ден астам жүргізуші және жол қозғалысы ережелерін бұзған 2 200-ден астам жаяу жүргінші жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін арттыру мақсатында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ювеналдық полиция желісі бойынша да ауқымды профилактикалық жұмыстар атқарылды.
Жыл басынан бері білім беру ұйымдарын қоса алғанда, 10 мыңнан астам құқықтық түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алу мақсатында 600-ден астам локальды рейд, оның ішінде 70-тен астам жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 7,5 мыңнан астам заңды өкіл мен 66 мекеме иесі жауапкершілікке тартылды. Қаладағы жедел ахуалды бақылау тәулік бойы Жедел басқару орталығы арқылы заманауи техникалық құралдардың көмегімен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелері, смарт-жетондар, патрульдік бейнетіркегіштер және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Дрондардың көмегімен 130-ға жуық қоғамдық тәртіп бұзу дерегі анықталып, олардың барлығы бойынша заң шеңберінде шаралар қабылданды.
Жыл ішінде «102» арнасына бір миллионнан астам қоңырау келіп түсті. Көші-қон қызметі желісі бойынша профилактикалық рейдтер жүргізіліп, нысандар мен тұрғын секторлар тексерілді. Нәтижесінде 7 мыңнан астам шетелдік азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 321 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін жауапқа тартылды. 2 мыңнан астам шетелдік азамат ел аумағынан шығарылып, 200 мыңнан астам адам жеке басын куәландыратын құжаттармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар халықпен кері байланыс жүйелі түрде жалғасын тапты. Полиция қызметкерлері азаматтармен кездесулер, ашық қабылдаулар өткізіп, профилактикалық дәрістер ұйымдастырды. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайту. Қабылданған барлық шаралар елордада құқықтық тәртіпті күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың полицияға деген сенімін арттыруға бағытталды.