ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есту қабілеті төмен балаларды қолдау және әлеуметтендіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. «ӘҚСД ҰҒО» ШЖҚ РМК базасында өткізілетін жеке есту-сөйлеуді бейімдеу курстарының арқасында жүздеген қазақстандық бала есту қабілетін қалпына келтіруге, ауызша сөйлеуді меңгеруге және қоғамға толыққанды кірігуге мүмкіндік алуда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай оңалтудың басты мақсаты – күрделі отадан (кохлеарлық имплант орнатқаннан) кейін балаға дыбыстарды танып, сөйлеуді үйренуге көмектесу. Әрбір табысты нәтижеге пәнаралық мамандар командасының ауқымды еңбегі негіз болады. Балалармен сурдолог-дәрігерлер, невропатологтар, дефектолог-сурдопедагогтар, логопедтер, психологтар, сондай-ақ массаж мамандары мен емдік дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді. Әрбір бала үшін оның жас ерекшелігі мен медициналық жағдайын ескере отырып, қатаң түрде жеке оңалту жоспары әзірленеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша есту және сөйлеу қабілетін оңалтудан 298 бала (1 жастан 17 жасқа дейін) өтті. Олар үшін барлығы 936 курс ұйымдастырылды. Мамандар тұрақты оң динамиканы тіркеді:
- Ауызша сөйлеуді еркін қолданатын балалар саны 4,03%-ға артты.
- Сөздер мен қысқа сөйлемдер деңгейінде сөйлейтін балалар үлесі 4,36%-ға өсті.
- Есту қабылдауы қалыптаспаған бүлдіршіндер үлесі 5,37%-ға азайды.
Көмек көрсету географиясы да жыл сайын кеңейіп келеді. 2025 жылы Алматы (81 бала), Шымкент (56), Астана (46), Қызылорда (45), Ақтөбе (40) және Тараздан (30) балалар оңалту курстарынан өтті.
2026 жылдың I тоқсанында бұл оң үрдіс сақталуда. Жыл басынан бері орталық филиалдарында 6 оңалту курсы өткізіліп, 234 бала қамтылды: Алматыда – 60 бала, Шымкентте – 36, Қызылордада – 31, Астана мен Ақтөбеде – 30 баладан, Таразда – 24, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында (Орал қаласы) – 23 бала.
Оңалту жыл бойы жүргізіледі. Орталықтың филиалдары бар өңірлерде курстарға балалар күндізгі форматта қатысады. Ал егер облыста филиал болмаса, мемлекет қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында балаларды жылына бір рет 15 күндік тәулік бойғы оңалту бағдарламасына шақырады.
Бағдарламаға қатысу үшін ата-аналар тиісті бейінді департаментке жүгінуі қажет. Іріктеу ашық әрі бірыңғай қағидалар бойынша жүргізіледі:
– баланың жасы 1 мен 17 жас аралығында болуы тиіс;
– мүгедектік мәртебесі ресми түрде расталған болуы керек;
– кохлеарлық имплант орнату операциясы бұдан 5 жылдан аспайтын уақыт бұрын жасалған болуы қажет.
Мамандар маңызды бір жайтты атап өтеді: оңалтудың барынша тиімді болуы үшін орталық хирургиялық араласудан кейінгі бес жылдық кезең аяқталғанға дейін бірдей жағдайдағы балалармен толық курс бағдарламасын өткізуі тиіс. Сол себепті орталықтарда объективті күту тізімі (резерв) қалыптастырылады. Мұндай тәсіл басталған емнің толық аяқталуына мүмкіндік беріп, баланың дербес, толыққанды әрі бақытты өмір сүруі үшін қажетті дағдыларды меңгеруіне жағдай жасайды.