ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғауды дамыту ұлттық ғылыми орталығында есту қабілеті бұзылған балалардың есту және сөйлеу тілін оңалту бойынша бір апталық семинар өтуде. Қазақстандық мамандар мен кохлеарлы импланттарды қолданатын балалардың ата-аналарына арналған оқыту шарасын жетекші халықаралық сарапшы, профессор Инна Королева өткізуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
11-16 тамыз аралығында өтіп жатқан семинар есту қабілеті бұзылған балаларды қолдаудың озық тәжірибелерімен алмасу мақсатында ұйымдастырылған. Үздік әлемдік тәжірибені енгізу ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің оңалту қызметтерінің сапасы мен тиімділігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.
«Мұндай семинарлар есту қабілеті бұзылған балаларды қолдау және сүйемелдеу жөніндегі бірлескен жұмысымызды дамытуға үлкен үлес қосады. Біздің ынтымақтастығымыз жемісті, бай және ең бастысы оқушыларымыз бен олардың отбасылары үшін пайдалы болады деп сенеміз», – деп атап өтті Инна Королева семинар қатысушыларына жылы шырай білдіріп.
Семинар қорытындысы бойынша қазақстандық мамандар өз біліктіліктерін арттырады, ал ата-аналар балаларына көмектесу үшін құнды тәжірибелік білім алады деп күтілуде. Министрлік еліміздегі әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін үздік халықаралық сарапшыларды тарту бойынша жұмысты жалғастырады.
Инна Королева – психология ғылымдарының докторы, Санкт-Петербург құлақ, тамақ, мұрын және сөйлеу ҒЗИ-ның бас ғылыми қызметкері, Санкт-Петербургтегі балалар сурдологиялық орталығында оңалту бағдарламаларының ғылыми директоры. Ол 800-ден астам ғылыми жарияланымның, мамандар мен ата-аналарға арналған көптеген оқу құралдарының, сондай-ақ кохлеарлық имплантациядан кейінгі балаларды оңалтудың бірегей «есту» әдісінің авторы.