Қазақстанда дәрілік препараттар өндірісін локализациялау мен емдеудің заманауи әдістеріне қолжетімділікті кеңейту жұмыстары аяқталуда. Бұл туралы Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысының жұмыс сессиялары барысында Polpharma Santo («Химфарм» АҚ) бас директоры Адам Алексеюк мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Қазақстандағы медициналық өндірістерді локализациялау азаматтардың өмірлік маңызы бар дәрілік заттарға қолжетімділігіне тікелей әсер етеді.Медициналық өндірістерді локализациялау – бұл азаматтардың өмірлік маңызды препараттарға қол жеткізуі мәселесі. Мен бүгін бизнес пен Денсаулық сақтау министрлігі жаңа инвестициялық келісімшарттарға қол қоюға мүмкіндік беретін шешімдерге келгенін қуана хабарлаймын, — деп атап өтті Адам Алексеюк.Ол Polpharma Santo Қазақстандағы дәйекті инвестициялық саясатты жалғастырып жатқанын атап өтті.
Біз Polpharma Santo компаниясы ретінде инвестициялауды жалғастырамыз және Қазақстан азаматтарына кардиология, онкология және антибиотиктер саласындағы терапияның жаңа әдістеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін келісімшарт бойынша жұмысты аяқтаймыз. Аталған келісімшартты аяқтау – бұл біздің жылдар бойы дайындаған серпінді жұмысымыз. Өткен жылы біз өзіміздің инновациялық және зертханалық орталықтарымызды салдық, ал осы жылдың сәуір айында өзіміздің R&D орталығымызды ашамыз. Біз Қазақстан азаматтарына аса маңызды дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін барынша жылдам дамуға дайынбыз, — деді компания басшысы.Жаңа инвестициялық келісімдерді жүзеге асыру елімізде қолжетімді дәрі-дәрмектер желісін кеңейтуге және Қазақстанның дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.