Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданында орналасқан №37 қалалық емхананың дайындық барысымен танысты. Медициналық нысан бір ауысымда 500 адамды қабылдауға есептелген және ел бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмектің бірыңғай стандартына сай салынған алғашқы емхана болмақ, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ғимаратта заманауи диагностикалық жабдықтар, оның ішінде компьютерлік томограф пен цифрлық рентген орнатылған. Бұл тұрғындарға қажетті тексерулерден бір жерде, қосымша жолдамасыз және күтусіз өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 20 орынға арналған күндізгі стационар қарастырылған.
Емхананы 2026 жылғы қаңтар айының ортасында ашу жоспарланып отыр. Жаңа нысан алматылықтар үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады.