Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ішкі істер министрлігі еліміз бойынша "Құқықтық тәртіп", "Шырша" және "Пиротехника" атты жедел алдын алу іс-шараларын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мереке күндердің тыныш, қауіпсіз әрі оқыс оқиғаларсыз өтуіне бағытталған бұл шаралар 20 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін жалғасады.Аталған іс-шаралардың басты мақсаты – қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау. Әрбір азаматтың жаңа жылды отбасымен, көшеде немесе мерекелік алаңдарда өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіп төнбестен қарсы алуы үшін жағдай жасау.
Полиция басқа да қызметтермен бірлесіп, көшелерде, аулаларда, сауда орындарында және адамдар көп жиналатын жерлерде патрульдеуді күшейтті. Алдын алу және түсіндіру жұмыстары, соның ішінде жасөспірімдер мен жастар арасында жүргізілуде, жол қозғалысы ережелерінің, көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау жасалуда, сондай-ақ алкогольдің, есірткінің және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына тосқауыл қойылуда.Дәл жаңа жыл қарсаңында отшашу мен петардаларды дұрыс қолданбаудың салдарынан жарақат алу, өрт шығу және жазатайым оқиғалар саны күрт артады. Осыған байланысты полиция өртке қарсы қызметпен бірлесіп, пиротехникалық бұйымдардың айналымын бақылау бойынша жыл сайын арнайы іс-шаралар өткізеді.Биыл төрт мыңнан астам тексеру жүргізіліп, шамамен бес жүз заң бұзушылық анықталды, сегіз мыңнан астам сертификатталмаған әрі қауіпті пиротехникалық өнім тәркіленді.
Пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы және ресми сауда орындарынан ғана сатып алу қажет. Сәйкестік сертификатының болуына назар аударыңыздар, қолдану нұсқаулығын мұқият оқып шығып, өнімнің жарамдылық мерзімін міндетті түрде тексеру қажет.Мерзімі өткен пиротехниканы қолдануға, сондай-ақ оны балалардың ересектердің бақылауынсыз пайдалануына қатаң тыйым салынады. Осы қарапайым талаптарды сақтау — бұл сіздің жеке қауіпсіздігіңіз, жақындарыңыздың және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі.