Түркістан облысында полицейлер табиғи ресурстарды заңсыз тасымалдаған 15 жүк көлігін анықтады, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Сайрам ауданы аумағында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу және жолын кесу мақсатында арнайы рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Рейд барысында Әйтекеби ауылында жүргізілген тексеру кезінде Hova жүк көлігінің құм тасымалдап жүргені анықталды.
Тексеру нәтижесінде жүк тасымалдауға арналған тиісті құжаттардың болмауы және ақылы жол төлемдерінің төленбеуі фактілері тіркелді. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қабылданып, жүк көлігі айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында табиғи ресурстарды заңсыз тасымалдаған тағы 15 жүк көлігі анықталып, барлығы арнайы айып тұрағына жеткізілді. Аудан аумағындағы табиғи байлықтарды сақтау, олардың заңсыз пайдаланылуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.