Қазақстанда 2026 жылы Салық кодексінің жаңартылған нормалары күшіне енеді. Бұл өзгерістер салықтық берешекті өндіріп алу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ салықтық әкімшілендірудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаментінің қарыздық жұмыс басқармасының басшысы Аймахан Енбаев мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласындағы 5 желтоқсандағы мәлімет бойынша жалпы салықтық берешек 103 млрд теңгені, оның ішінде 58 млрд теңге негізгі қарызды құрайды. Жыл басынан бері салық органдары 10 млрд теңгеден астам соманы өндірген. Мемлекеттік органдардың өкілдері енгізіліп жатқан заңнамалық өзгерістер жүйені барынша әділ, сараланған және адал бизнеске қолайлы етуге бағытталғанын атап өтті.Ең маңызды жаңашылдықтың бірі – салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу кезінде Тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудан бас тарту.
Бұрын салық төлеушілердің тәуекел деңгейіне төмен, орта, жоғары деп бөлінуі, оларға мәжбүрлеу шаралары қолданылатынын немесе қолданылмайтынын анықтаған. Бұл кей жағдайларда берешек сомасы аз болса да, бизнес қызметіне әсер ететін шектеулер енгізуге әкелген. 2026 жылдан бастап бұл көзқарас толықтай жойылады. Енді мәжбүрлеп өндіріп алу туралы шешім тәуекел санатына емес, тек қана берешек мөлшеріне байланысты болады.Жаңартылған Салық кодексінде мәжбүрлеу шаралары қарыз мөлшеріне қарай нақты сатыландырылады. Бұл тәсіл әкімшілендірудің ашықтығын қамтамасыз етіп, аз мөлшердегі берешек үшін бизнестің жұмысын тоқтатуға жол бермейді.20 АЕК-тен аспайтын (86 500 теңгеге дейін) берешек кезінде тек ең төменгі шаралар қолданылады:
– өсімпұл есептеу;
– салық төлеушіге хабархат жолдау.Банктік шоттарға шектеу қойылмайды. 20-45 АЕК (86 500 – 194 625 теңге) аралығындағы берешек кезінде:
– салық органы хабарлама жібереді;
– хабарлама орындалмаған жағдайда банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылады;
– борышты өтеу үшін инкассалық өкімдер қойылуы мүмкін. 45 АЕК-тен жоғары берешек кезінде:
– мүлік сауда-саттыққа шығаруға дайындық аясында сипатталады;
– салық төлеушінің дебиторлары арқылы берешекті өндіріп алу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл тетік салық міндеттемелерінің дер кезінде орындалуын қамтамасыз етіп, адал кәсіпкерлікке шамадан тыс қысымды болдырмайды.
Импорттаушылар өндірісте пайдаланылатын шикізат пен материалдар бойынша ҚҚС-ты кейінге қалдыру құқығына ие болады.Бұл өзгерістер бизнеске қолдау көрсетуді, оның қаржылық тұрақтылығын сақтауды және экономикалық белсенділікті арттыруды көздейді.