Алматы әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағдарламасы аясында жәрмеңкелер мен сауда желілерінің жұмысын тексерді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалды «Қазақфильм» шағынауданындағы демалыс күнгі жәрмеңкеге және «Magnum Cash & Carry» супермаркетіне барды.Демалыс күнгі жәрмеңке әр сенбі және жексенбі күндері сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда Еңбекшіқазақ, Қарасай және Іле аудандарынан келген фермерлер үшін 96 сауда орны қарастырылған.Дархан Сатыбалды отандық өндірушілерді қолдаудың және фермерлер үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, жәрмеңкелерді делдалсыз, тікелей өндірушіден тұтынушыға өнім жеткізу моделін нығайту үшін оларды жаңғырту жоспарланып отырғанын айтты.Сондай-ақ, әкім «Magnum Cash & Carry» сауда желісіне барды. Бұл — Алматыдағы ең ірі ұйымдастырылған бөлшек сауда желісі. 2019 жылдан бері компания әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын төмендетілген бағамен сату бағдарламасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде 100 мың тоннадан астам өнім төмендетілген бағамен сатылған. Қазіргі уақытта 10,4 мың тонна көкөніс сатып алу мен өткізу бойынша форвардтық келісімшарт, сондай-ақ 11 атау бойынша бағаларды бекітуге арналған айналымдық қарыз келісімі іске асырылып жатыр,-делінген хабарда.