Маңғыстау облысында полицейлер есірткімен айналысқан күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Қарасора – 2025" және "Құқық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылында Kia Cerato көлігін тоқтатты. Күдіктіні ұстау барысында жүргізуші терезеден орамды лақтырып жіберген. Ал оның бұл әрекеті бейнекамераға түсіп қалған.
Оқиға орнын тексеру кезінде полицейлер шамамен 13 грамм мефедронға ұқсас ұнтақ пен 26 дана түссіз қаптаманы тәркіледі. Сонымен қатар күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында салмағы шамамен 2 грамм болатын альфа-PVP-ке ұқсас зат, фольга, 200 дана түссіз қаптама, изолента, электронды таразылар және есірткі құралдарын дайындап буып-түюге қатысты болуы мүмкін өзге де заттар алынды. Тәркіленген заттардың барлығын сот-химиялық сараптамаға жіберілді. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша күдіктінің есірткі қолданғаны анықталған жоқ. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.