2025 жылдың басынан бері Алматыда жалпы сомасы 97,7 млрд теңге болатын шағын және орта бизнестің 647 жобасына мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұл туралы Алматының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Субсидиялауға, кепілдік беруге және несиелеуге 50,6 млрд теңге жұмсалды. Оның 18 миллиарды республикалық бюджеттен, ал 32,6 миллиарды жергілікті бюджеттен бөлінді.
Бірыңғай кешенді бағдарлама бойынша 51,3 млрд теңгеге 309 жоба қаржыландырылды, оның ішінде 242 жобаға 47,8 млрд теңге көлемінде субсидия берілді, тағы 67 жобаға 3,5 млрд теңге несие берілді.
«Алматы Бизнес – 2025» өңірлік бағдарламасы бойынша 5,4 млрд теңгеге 50 жоба қаржыландырылды, ал «Jana business» бағдарламасы аясында 153 жобаға 13,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Бұған қоса, қалада кепілдік қорлары арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігі жүзеге асырылып жатыр: 15,2 млрд теңгеге 122 жоба мақұлданды, оның 7,9 млрд-ы кепілдік есебінен.
Сонымен қатар, «Даму» Қоры өнеркәсіп, көлік, туризм, білім беру, денсаулық сақтау сынды басым салаларда ШОБ үшін «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Осы бағдарлама бойынша 12,1 млрд теңгеге 13 жоба қаржыландырылды.