Түркістан облысында орман қоры ұлғайып келеді. Қазіргі таңда өңірде 3 млн 472 мың гектарды құрайтын мемлекеттік орман қор жері бар, бұл облыс аумағының 30 пайызын құрайды. Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры аумақтарында 2 млрд. ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 2021-2027 жылдар аралығына кешенді жоспар әзірленіп, 110,2 мың га жерге 170 млн көшет егу жоспарланған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бағытында жұмыстарды жандандыруды және күтіп-баптау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жиналыста Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев өңірдегі көгалдандыру және көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, елді мекендерді көгалдандыруға облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан 2021-2024 жылдар аралығында облыс көлемінде жалпы 2 млн 736 мың түп көшет отырғызылды. Биыл облыстың аудан, қалаларына 1 миллионнан астам көшет егу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда басқармаға қарасты тұқымбақтардан көктем айларына 439 мың түптен аса көшет босатылып, аудан, қала әкімдіктерінің бюджеті мен демеушілер есебінен 69 мыңнан аса көшет алынған. Нәтижесінде көктемгі маусымда жалпы 509 839 түп көшет егілді.Орман тұқымбақтарының санын ұлғайту және көшет сапасын жақсарту бағытында өткен жылы 30 миллионнан астам көшет өсірілсе, ал биыл 35 миллион көшет өсіру жоспарлануда.
Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 342 гектарды құрайтын 21 орман тұқымбағы бар. Онда 17 түрлі көшет өндіріледі. Түркістан облысы көшет өндіру көлемі, сапасы және түрлері бойынша республикада алдыңғы қатарда. Бүгінде орман шаруашылықтарының тұқымбақтарында көшеттерге тиісті көлемде суару және дәрі беру жұмыстары күшейтілген.
2021-2024 жылдары аралығында жалпы 79 мың гектарға 117 млн көшет егілді. Бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғайып келеді.Алайда атқарылған жұмыстардың сапасына келсек, бірқатар аудандарда көшеттердің өнімділігі көңіл көншітпейді. Арыс, Түркістан қалалары мен Созақ, Келес, Ордабасы, Шардара аудандарында көшеттердің өнімділігі жоғары болса, Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар және Жетісай аудандарында көшеттердің өнімділігі нашар, суару мен қоршау шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Мұндай немқұрайлыққа жол берген әкімдіктерге ескерту берілді.Айта кетсек, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан биыл егілетін көшеттердің көлемі мен түрлерін нақтылау үшін жұмысшы топ құрылып, аудандарды аралау шаралары жүргізілді. Көшеттерді босатуда әр ауданның климаттық ерекшеліктері ескерілді. Қазіргі уақытта қосымша сұраныс болса, қажетті көшеттер көлемін толық қамтуға мүмкіндік бар.