Жетісу облысында күріш жинау науқаны басталды. Жалпы Жетісу өңірінде күріш дақылы тек Қаратал ауданында өсіріледі. Биыл 3 мыңнан астам тонна өнім жинау көзделген, бұл ретте орташа өнімділігі 32,88 ц/га құрап отыр, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауданда күріш өсірумен 5 ауыл шаруашылығы субъектісі айналысады. Солардың ішінде Қаратал ауданының күріш шаруашылығында көш бастап тұрған «Опытное» өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативі де бар. Кооператив соя, жүгері, күріш, жоңышқа өсіріп отыр.
Егіс жинау науқанының барысы жайлы кооператив жетекшісі Ержан Қайсанов айтып берді:
Ауыл шаруашылығы техникасы лизинг арқылы алынған, жанар-жағармай арзандатылған бағамен берілуде, тұқым, тыңайтқыш, гербицидке субсидия қарастырылған.
Айта кетейік, Қаратал ауданында күріш шаруашылығын дамытуға арнап құрылған сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Онда астық және күріш жинайтын комбайндарды қосқанда жалпы саны 10 арнайы техника бар.
Егін жинаудың ерекшеліктері жайлы шаруашылық тракторшысы Хасан Ибо-оғлы баяндады:
– Күріш жинаудың өз ерекшелігі бар. Оны уақытында бастау керек: дән толық пісіп, бірақ түсіп те қалмайтындай, артық ылғал да жинап үлгермейтіндей кезеңді дөп басу қажет. Сол себепті алқап алдын ала құрғатылады, су біртіндеп ағызылады, бұл техниканың батпаққа батып қалмауы үшін жасалады. Біз егістікке таңғы сағат 7-де келіп, жұмысты іңір түсе аяқтаймыз. Түскі асты бізге тікелей алқапқа әкеліп береді. Жұмыстан шаршағанымызды да байқамаймыз. Ісіміз оңынан болып, күніміздің текке өтпегенін сезінген кезде бойымызды бір ризашылық сезімі билейді. Бұл – еңбектің рахаты ғой деп ойлаймын, – дейді ол.
Атап өтсек, осы жылы күріш жалпы 951 гектарға егілген. Күтілетін жалпы өнім – 3127 тонна, орташа өнімділік – 32,88 ц/га.
Еске салсақ, биылғы жылы Жетісу облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының, атап айтқанда дәнді және майлы дақылдар, мал азығы дақылдары, қант қызылшасы, картоп, көкөністер мен бақша дақылдары және басқа да егін түрлерінің жалпы алаңы 510,7 мың гектарды құрады.
Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға биыл 41,7 млрд теңге бағытталды, оның 24,1 млрд теңгесі – субсидия.