Елімізде таза көмір технологияларын қолдану арқылы электр энергиясын өндіруді дамыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің 2025 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шаралары талқыланған Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов көмір генерациясының рөлін атап өтті.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа энергия өндірісін іске қосу көзделген. Бұл жоспарға баламалы энергия көздері (ЖЭК, атом станциялары) мен таза көмір технологияларын пайдалану арқылы көмір генерациясын кеңейту кіреді.
Министр еліміздегі энергетикалық көмір қоры 33,6 млрд тоннаға жететінін ескеріп, қолданыстағы көмір стансаларынан толық бас тарту тиімсіз екенін айтты. Сондықтан жаңа көмір электр станцияларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту экологиялық стандарттарға сай, қоршаған ортаға зияны аз технологиялар негізінде жүзеге асырылады.
Бұл бастаманы Премьер-министр қолдап, көмір генерациясын сақтап әрі дамыту қажет екенін атап өтті.
«Күн, жел немесе өзге энергия көздері бар, бірақ көмірдің орнын ештеңе баса алмайды. Сол себепті оны тиімді пайдалануымыз керек. Таза технологиялар бар, сондықтан жұмысты жалғастырыңыздар», — деді Олжас Бектенов.