Білім күні аясында Астанада 28 мың оқушыға арналған жеті жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды. Олардың қатарында Нұра ауданында бой көтерген №115 орта мектеп те бар. Барлық нысан ұлттық жоба «Келешек мектептері» аясында салынып, заманауи сыныптармен, зертханалармен және спорт залдарымен жабдықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Білім ордасы «Integra Construction KZ» құрылыс компаниясының қолдауымен салынған. Ашылу рәсіміне Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық Білім басқармасының өкілдері қатысты.

– Барлықтарыңызды бүгінгі Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елордамызда осындай 7 мектеп жаңа оқушыларға есігін ашып отыр. Мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, егер бүгін біз саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында боламыз, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Берікұлы.
Білім ошақтары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Мектептер қауіпсіздік пен цифрландыру талаптарына жауап береді. Басты мақсат – балаларға жайлы білім беру ортасын құру, үш ауысымды оқытуды жою және мектептердегі шамадан тыс жүктемені азайту. Жаңа оқу ордасында 1-сыныпқа қабылданғандар арасында 19 қазақ сыныбы мен 9 орыс сыныбы бар. Оқушылардың шығармашылық және ғылыми қабілеттерін дамытуға арналған заманауи акт залы, лингвистикалық және робототехника кабинеттері жұмыс істейді.

– Бүгін тарыдай болып 1-сыныпқа елордамыздың ортасында ашылып жатқан №115 орта мектепке 750 оқушы келіп отыр. Қымбатты 1-сынып оқушылары, біз сіздерді бүгін қарсы алғанымызға өте қуаныштымыз. Құрметті ата-аналар, балаларға сапалы білім мен тәрбие беруде сіздердің қолдауларыңыз аса маңызды. Президентіміз Тамыз конференциясында айтқандай, мұғалімдер – мемлекеттік маңызы бар аса жауапты істі атқарып жүрген жандар. Сіздердің еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді №115 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Бейбі Зейінқызы.
Ата-аналар жаңа мектептің ашылуын үлкен қуанышпен қабылдады. Себебі бұл аудан үшін жаңа білім ордасының қажеттілігі айқын сезіліп келген. Бұған дейін оқушылардың біразы өзге мектептерге қатынап оқитын болса, енді олар өз аудандарында сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болды.Мектеп табалдырығын алғаш аттағандардың қатарында Көкрекбаев Алдияр бар. Бүлдіршіннің ата-анасы жаңа мектептің ашылғанына ризашылық білдірді.

– Біздің ауданда №115 орта мектебі ашылғанына қуаныштымыз. Тұңғышымыз бірінші сыныпқа қабылданды. Жаңа мектепте балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған, – деді оның әкесі Рүстем Көкрекбаев.
Айта кетейік, биылғы оқу жылы ішінде елордада тағы 15 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Өткен жылы рекордтық көрсеткішпен 66 мың орынға арналған (екі ауысымда) 24 мектеп пайдалануға берілген болатын. Оның ішінде 16 мектеп – «Жайлы мектептер» ұлттық жобасының аясында салынған. Бұл шаралар үш ауысымды оқыту мен мектептердегі жүктеме мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда елордада жалпы саны 206 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 122-сі – мемлекеттік, 77-сі – жекеменшік, 7-еуі – республикалық мектеп. Жалпы оқушылар саны 310 мыңнан асады.

2025–2027 жылдарға арналған білім беру жүйесін жаңғырту жоспары шеңберінде 22 мектепті жаңарту көзделген. 2025 жылы қазірдің өзінде 6 білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, биыл елордада бірінші сыныпқа 31 мың бала қабылданды.
