Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Жиында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде ол Министрліктің бүгінде теміржол саласын цифрландырудың бес бағытын:
Біріншісі – мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру.
Екіншісі – тасымалдардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін бизнес-процестерді реинжиниринг жасау.
Үшіншісі – инновациялық экожүйе құру және цифрлық технологияларды енгізу.
Төртіншісі – жолаушыларды OneWeb және Starlink спутниктік интернетімен қамтамасыз ету.
Бесіншісі – транзиттік тасымалдарды онлайн бақылау жүйесін енгізу жұмыстарын іске асырып жатқанын жеткізді.
«2024 жылы салада 5 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді болды. Олардың барлығы электронды форматта көрсетілді. Биыл аталған тізілім «Қауіпсіздік сертификатын беру» атты жаңа қызмет түрімен толықтырылды. Бір жыл ішінде 28 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 99%-ы онлайн форматта ұсынылған. Министрлік салаға реинжиниринг жүргізді. Оның мақсаты – саланы цифрлық түрлендіру және тасымалдардың тиімділігін арттыру», — деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, жүргізілген талдау жұмыстары нәтижесінде, магистралды теміржол желісі жүктемесінің ашық еместігін, тасымалдарды жоспарлау деректерін талдау қағаз жүзінде жасалып, операциялардағы бақылаудың жоқтығы, вагондардың уақытында келіп, уақтылы жөнелтілмеуіне әкеп соғатынын, жөнелту жолында вагондардың келуі мен кетуі қағазда тіркелетіні анықталды. Келу мен жөнелту процесі қағазда тіркеледі. Соның нәтижесінде – жиі тоқтап қалу мен кешігулер орын алған.
Министр аталған мәселелерді цифрлық технологияларды енгізу арқылы шешуге болатынын атап өтті. Атап айтқанда:
магистралды желінің цифрлық қосарланған моделі;
тасымалдарды жоспарлау үшін жасанды интеллект;
вагон нөмірлерін бейне арқылы тану және «Вагон/жүк орнын анықтау» қызметі;
келу/кету фактісін анықтау үшін GPS-трекерлерден деректерді автоматты түрде қабылдау жүйесіне жіберу;
вагон нөмірін тіркеу арқылы тоқтау уақытын автоматты есептеу жүйелерін енгізу қажет.
«Аталған шешімдер қадам санын 45%, ал бизнес-рөлдерді 35% қысқартады. Басқару оңай әрі ашық болады. Astana Hub-та тасымал және инфрақұрылым саласындағы стартаптар дамып келеді. Олар жүктерді бақылау сервистерін, келісім-шарт жұмыстарын басқару жүйелерін, тасымалдарды автоматтандыру және вагон паркін басқару платформаларын жасауда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша олардың табысы 4,5 млрд теңгеден асты, сондай-ақ 400-ден астам жұмыс орны құрылды», — деп мәлімдеді ол.
Жаслан Мәдиев іске асырылып жатқан негізгі шешімдердің бірі – multicode тасымалдарды автоматтандыру платформасы екенін жеткізді. Аталған платформа вагондарды басқару, жүктемені жоспарлау мен болжау қызметін автоматтандырады. Платформа бос жүрісті 10%-ға азайтып, вагон айналымын 15%-ға арттырады.
Мұндай нәтиже:
жүктеу жоспарларын автоматты түрде жасау;
жасанды интеллектіні қолдана отырып, тасымалдардың оңтайлы бағыттарын құру;
вагондарды интерактивті картада бақылау;
оқиғалар мен тәуекелдер туралы хабарлама жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.
Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, жүйе ірі тасымал компанияларында енгізілген. «Пассажирлік тасымалдар» акционерлік қоғамы мен «Jusan Mobile» акционерлік қоғамы бірлесіп, пойыздарды OneWeb спутниктік интернет технологиясы арқылы сымсыз интернетпен қамтамасыз етуді сынақтан өткізу жұмыстарын аяқтады.
«OneWeb спутниктеріне бейімделген мультимедиялық қызметтер жабдығы қолданылды. Пилоттық жоба №3/4 (Астана – Алматы) және №67/68 (Астана – Өскемен) Talgo пойыздарында жүзеге асырылды. Деректерді беру жылдамдығы – 100 Мбит/с. Сонымен қатар "Астана – Бурабай" бағыты бойынша жүретін пойызда Starlink қолданылған пилоттық жоба іске қосылды. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін Министрлік оны кең ауқымда тарату мәселесін қарастырады», — деп атап өтті спикер.
Министрлік Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде транзиттік тасымалдарды бақылау жүйесін енгізуде.
Осы мақсатта «Транзит» ақпараттық жүйесі құрылды. Ол жүктерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған.
«Қазіргі уақытта жүйе киберқауіпсіздік бойынша тестілеуден өтті. Мемлекеттік кірістер комитетінің жүйелерімен интеграция аяқталу үстінде. Бірінші кезеңде жүйе Қазақстанның жеті сыртқы шекарасындағы жалпы жүк ағынының шамамен 6%-ын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл шешім “жалған транзит” схемаларын болдырмауға көмектеседі. Сондай-ақ бүгінде навигациялық пломбаларды сатып алу және жалға алу жұмыстары жүргізілуде», — деп түйіндеді сөзін Жаслан Мәдиев.