Жетісу облысында полиция ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жетісу облысы ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері Талдықорғанда ер адамдардан ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Топ құрамында қыздар мен олардың сыбайластары болып, олар алдын ала ойластырылған әрі циникалық сызбалар бойынша әрекет еткен. Тергеу мәліметінше, 2024 жылғы мамырда бірнеше қыз жалған айып тағу және абыройын түсіретін мәліметтерді таратамыз деп қорқыту арқылы қылмыстық жолмен “ақша табуды” көздеген.
Құрбандарын іздеу үшін олар әлеуметтік желіні пайдаланып, ер адамдармен танысып, әңгімелесуді интимдік жақындыққа жеткізген. Содан кейін іске екінші қатысушы араласқан: ол жәбірленушіге “құрбысы жылап отыр” деген сылтаумен қоңырау шалып, келуін сұраған. Кездесуде ер адамдарға зорлау туралы полицияға арызданамыз деп қорқытып, ақша талап еткен. Алғашқы жәбірленуші күдіктілерге 350 мың теңге берген. Екінші жәбірленушіден дәл осындай сызба бойынша “жүктілікке” байланысты 2 миллион теңге талап етіліп, 900 мың теңгеден астам ақша алынған. Кейін бұл іске ер адам қосылып, келесі жәбірленушіден 2 миллион теңге бопсалауға көмектескен, бірақ олар 800 мың теңге алған. Тағы бір жәбірленушіден 795 мың теңге тартып алынған. Ең циникалық алаяқтықтардың бірі – “кәмелетке толмағанды зорлауға оқталу” оқиғасы болды. Бұл эпизодта төрт күдікті қатысқан: бір қыз интимдік қатынасқа түсуі керек болған, ал үшеуі өздерін туыстарымыз деп таныстырып, ақша бопсалаған. Осылайша олар 800 мың теңге иемденген. Осындай схемалар қылмыскерлерге тағы да ақша әкелген: 600 мың, 1,5 миллион, 1 миллион теңге.
Бір жағдайда күдіктілер полиция қызметкерлеріміз деп таныстырып, күш қолданып, 500 мың теңгені тартып алған. Барлығы 9 күдіктінің 11 ер адамнан ақша бопсалағаны анықталды. Олардың барлығы ұсталып, қамауға алынды. Жетісу облысының полициясы интернет арқылы танысқанда сақ болуға және бопсалау фактісі орын алса, бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.