Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында айтылған «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын еліміздің барлық білім беру мекемесіне енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ішкі істер министрліктерінің басшылары, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
«Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында. Отаншыл, білімді әрі жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Оқушылар мен студенттердің жайлы оқуын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерін салу және жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қыркүйек айында 115 мың жаңа оқушы орнына арналған 83 жаңа мектеп ашу жоспарлануда. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 57 білім ошағы пайдалануға беріледі. Олардың толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету – маңызды міндет», — деген Олжас Бектенов, мектептердегі үшауысымды оқыту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келе жатқанын атап өтті.
Премьер-министр еліміздің 9 өңірінде нысанды аяқтау бойынша жұмыстарды жеделдету қажет екеніне тоқталды. «Самұрық-Қазына» қорына әкімдіктермен бірге нысандардың жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Сонымен қатар еліміздің мектептерінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау қажет. Бірқатар өңірде 34 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екені айтылды. Бұлар – Алматы қаласы, Абай, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын тікелей бақылауға алу міндеттелді. Сонымен қатар физика, химия, биология, робототехника сияқты арнаулы кабинеттерді дер кезінде сатып алу мәселесіне қатысты — 1 қыркүйекке дейін кемінде 200 пәндік кабинетті жабдықтауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының бірыңғай қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы керек екенін атап өтті. Білім беру мекемелерінде лицензиясы бар күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған камералар міндетті түрде болуға тиіс. Мұның барлығы оқу орындарында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кепілдік береді. Ішкі істер министрлігі терроризмге қарсы қорғау талаптарына сәйкестігі тұрғысынан білім беру нысандарын тексеру жұмысын жалғастыруы қажет. Бүгінде өңірлердегі жекеменшік білім беру ұйымдарының 30%-ға жуығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген.
Жаңа оқу жылының қарсаңында мемлекет қолдауына мұқтаж балалардың барлығына дер кезінде материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Ол үшін биыл 23 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген. Бұл кемінде 500 мың баланы әлеуметтік қолдауға мүмкіндік береді. Өңір әкімдеріне осы жұмысты бақылауға алу міндеттелді. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге 1 қыркүйекке дейін барлық оқушыларды оқулықтардың толық жиынтығымен қамтамасыз ету тапсырылды.
Мектептегі тамақтандыру сапасы балалардың денсаулығы мен дамуы үшін маңызды бағыт. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктеріне тамақтандыру стандарттары мен санитариялық нормалардың сақталуына бақылауды күшейту тапсырылды.
Колледждер мен жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығына ерекше назар аударылды. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерге техникалық және кәсіптік білім алу үшін 150 мыңға жуық студент қабылданады.
«Колледждер дуальды оқыту, қамқорлыққа алу, өндірістік тәжірибе арқылы кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Әрбір студент еңбек нарығының талаптарына сәйкес нақты кәсіби дағдыларға ие болуы керек. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз ету керек. Инфрақұрылым мен жатақхана ғана емес, сонымен қатар оқу бағдарламаларының заман талабына сай болуын да назарда ұстау қажет. Мамандар тапшы болып отырған инженерлік, IT, педагогикалық, медициналық бағыттарға ерекше назар аударған жөн», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.
Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бір ай мерзімде «Адал азамат» бірыңғай білім беру бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды. Бұл тәрбие және оқыту жүйесін қалыптастыру бойынша кешенді әрі жан-жақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Ішкі істер министрлігіне жаңа оқу жылынан бастап «Назар аударыңыз, балалар» жедел алдын алу шараларын ұйымдастырып, өткізу, оны бұқаралық ақпарат құралдарында жария ету тапсырылды. Өңір әкімдіктері білім беру нысандарының маңындағы, әсіресе жаңадан пайдалануға берілетін мектептердің жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын күшейтуі қажет.
Ішкі істер министрлігіне Оқу-ағарту министрлігімен бірге жүйелі түрде профилактикалық сабақтар, атап айтқанда, мектеп оқушыларымен негізгі қауіпсіздік ережелері, оның ішінде жолдағы қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар өткізу тапсырылды.
Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктері білім беру бағдарламаларының практикалық бағытта болуына баса мән беру жөнінде шаралар қабылдау міндеттелді. Сондай-ақ оқу нәтижелері үшін колледждер мен жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыру бойынша шараларды пысықтауы қажет.