Астанадағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында «Road to Abu Dhabi» атты іріктеу турнирі басталды. Бұл дода – қазақстандық командалар үшін 2025 жылы өтетін «Болашақ ойындарына» қатысатын жолдағы маңызды кезең болмақ. Халықаралық фиджитал форматтағы мультиспорттық турнир осы жылдың желтоқсан айында Абу-Даби қаласында өтеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іріктеу турнирі 21-26 шілде аралығында жалғасады. Нәтижесінде Қазақстан атынан Болашақ ойындарына жолдама алатын екі команда анықталады. Жеңімпаздар фиджитал футбол және фиджитал баскетбол дисциплиналары бойынша іріктеледі.Бұл – бүкіл әлемде жылдам дамып келе жатқан спорттың жаңа бағыты. Фиджитал спорт – цифрлық (диджитал) және физикалық кезеңдерді біріктіретін формат. Алдымен қатысушылар екі таймнан тұратын компьютерлік ойында бақ сынасады, содан кейін дәл сол есеппен алаңға шығып, тағы екі тайм ойнайды. Алғаш болып жарыс жолына футбол командалары шығады. Абу-Дабиде өнер көрсету құқығын жеңіп алатын фиджитал футбол чемпионы 23 шілде күні белгілі болады. Алаңдағы және киберойын кезеңіндегі ережелер мен стандарттардың сақталуын Қазақстан футбол федерациясының бірінші санатты төрешісі Данат Мұхаметғалиев қадағалайды.
«Болашақ ойындары» фиджитал спорт тұжырымдамасындағы тұңғыш халықаралық көпсалалы турнир 2024 жылы Қазан қаласында өткен болатын. Екіншісі биыл Абу-Дабиде, ал 2026 жылдың жазында фиджитал спорт жарыстары Астанада өтетін болады.
Айта кетейік, фиджитал футбол жарысы аяқталғаннан кейін турнир фиджитал баскетбол дисциплинасымен жалғасады. Бұл спорт түрі бойынша жеңімпаз сенбі күні, 26 шілдеде өтетін финалдық матчта анықталады.Көрермендерге кіру тегін. Сағат 10:00-де басталады.