Елордада теннистен «ITF Juniors J30 Astana» Халықаралық жасөспірімдер турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Дәулет» теннис орталығында басталған сайыс 5 шілдеге дейін жалғасады. Аталған турнир Қазақстан теннис федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен және Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Дәулет» МКҚК ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Халықаралық жасөспірімдер турының бір бөлігі болып саналатын турнирдің іріктеу кезеңі 28-29 маусым күндері өткен болатын. Ал жарысты негізгі кезеңі 30 маусым мен 5 шілде аралығын қамтиды.
18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар бақ сынайтын байрақты бәсекеге қатысушылар қатарында Қазақстан спортшылары да бар. Еліміздің жас теннисшілер үшін бұл халықаралық додада тәжірибе жинап, ITF жасөспірімдер рейтингінде ұпай жинауға үлкен мүмкіндік бермек. Бұған қоса спортшылардың кәсіби тенниске дайындық деңгейін арттыруға көмегі көп болары сөзсіз.
«Жалпы осы халықаралық турнирдің мақсаты – Қазақстандағы жасөспірімдер теннисін қолдау және дамыту. Додаға жеті мемлекеттен, яғни Қазақстан, АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан және тағы да басқа елдерден жасөспірімдер құрамалары қатысуда. Финалдық матч 5 шілде, яғни сенбі күні өтеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, осы күні жеке санаттағы жеңімпаздар да анықталады», – дейді «Дәулет» теннис орталығының жетекшісі Дина Темірғалиева.
Айта кету керек, «Дәулет» теннис орталығы – Астана қаласынан бөлек, жалпы еліміздегі жетекші спорттық нысандардың бірі. Мұнда жыл сайын 50-ден астам турнир өтеді. Орталықта 600-ден астам бала, оның ішінде инклюзивті топтағы балалар да жаттығып келеді.