ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жұмыс сапары аясында «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өтті. Форум аясында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы, сондай-ақ қазақстандық өңірлердің әкімдіктері мен жетекші қытайлық компаниялар арасында бірнеше екіжақты келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Қол қойылған құжаттар экономика саласының негізгі бағыттарын қамтиды, соның ішінде - энергетика, пайдалы қазбаларды өңдеу, машина жасау, логистика, агроөнеркәсіптік кешен және цифрлық технологиялар.
Форумның маңызды нәтижелерінің бірі – Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауыт салу жобасын іске асыруға қатысты негіздемелік келісімге қол қойылуы болды. Бұл келісім Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Ақтөбе облысының әкімдігі, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында жасалды.
Жоба аясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жеткізетін тауарлық газ негізінде карбамид өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі - шамамен 1,2 миллиард АҚШ доллары.
Сонымен қоса, форум аясында Ақтөбе облысы әкімдігі мен қытайлық Zhongbo Group компаниясы арасында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды. Компания жаңартылатын энергия көздері, агроөнеркәсіптік кешен, өңдеу өнеркәсібі және басқа да әлеуметтік маңызы бар салалардағы жобаларды дамытуға инвестиция салуға дайын екенін білдірді.