Астанадағы «Жетісу» саябағында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының ұйымдастыруымен JasylFest атты екінші экологиялық фестиваль өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Фестиваль StopMusor әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылып, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жауапты тұтыну дағдыларын дамыту мақсатында өткізілді.Іс-шара қонақтары қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тұрмыстық химияны гринвошингтен қалай ажыратуға болатынын үйренді, эко-сөмкелерді әрлеуді меңгеріп, жауынқұрты көмегімен компост жасау технологиясымен танысты. Сонымен қатар, биологиялық ыдырайтын бір реттік ыдыс жасау аймағы ерекше қызығушылық тудырды.
Фестиваль алаңында киім-кешек, кітаптар мен ойыншықтар қабылданатын дармарка және қайта өңдеуге арналған қалдықтарды жинау пункті жұмыс істеді. Қатысушылар макулатура, әртүрлі пластик түрлері, шыны, мата, батарейкалар, электронды қалдықтар, мерзімі өткен дәрі-дәрмектер мен қолданылған өсімдік майын, т.б. заттарын тапсырды. Сонымен қатар, жануарлар үйіне арналған заттарды – ескі сүлгілер, көрпелер мен төсек жабдықтарын жинау бөлек ұйымдастырылды. Балалар үшін анимациялық бағдарламалар мен сыйлықтар таратылатын викториналар өткізілді.
Жергілікті тұрғындар да бұл бастаманы қолдады.