Семейде полицейлер жүк көліктерінің жүргізушілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Семей қаласының патрульдік полиция батальоны жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүк көліктеріне қатысты жоспарлы профилактикалық іс-шара өткізді. Географиялық орналасуы жағынан Семей – Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы және өзге де шекаралас елдерден келетін транзиттік көлік ағыны үшін маңызды торап саналады. Күн сайын облыс орталығы арқылы жүздеген жүк көлігі өтеді. Бұл – жол қозғалысы ережелерінің мүлтіксіз сақталуын және қауіпсіздік талаптарының күшейтілуін талап етеді. Іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері жүк көліктерінің техникалық жағдайын, құжаттарының толықтығын, жүк тасымалдау ережелерінің сақталуын мұқият тексеріп, жүргізушілерге жол жүру мәдениетін сақтау мен жылдамдық режимін бұзбау қажеттігін ескертті.
Тексеру кезінде шамадан тыс жүктеме, жанар-жағармайдың ағуы, жылдамдықты шектен тыс арттыру сынды қауіп төндіретін жайттарға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде, жол қозғалысы ережелерін бұзған бірқатар жүргізушілерге әкімшілік хаттамалар толтырылып, кейбір азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай рейдтер алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізіліп, өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.