М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына арналған ерекше көрме — «Объективте – еңбек, жан мен табиғат үйлесімі» атты фото-вернисаж өтті. Бұл шарада «Шаттық–2025» қалалық шығармашылық байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларының үздік жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Фото-вернисаж — бұл тек көрме ғана емес, жас авторлардың қоршаған ортаға, еңбекке, өмір сұлулығына және ішкі үйлесімділікке деген көзқарастарының көрінісі. Көрмеде үш негізгі тақырып бойынша өткізілген фотобайқау жеңімпаздарының 180-нен астам жұмысы қойылған.
Байқауға қала мектептерінің 60-тан астам оқушысы қатысты.

Экспозиция келесі тақырыптарды қамтиды:
• «Қарапайым мамандық — бұл үлкен іс» — бұл еңбектің күнделікті өмірдегі маңызын көрсетуге бағытталған. Фотосуреттер арқылы қарапайым жұмысшылардың бейнесі мен еңбектің құндылығы көрініс тапты.
• «Табиғат — өмірдің айнасы» — бұл тақырып балалардың табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілігін, қоршаған ортаның сұлулығы арқылы ішкі жан дүниесін ашуға мүмкіндік берді.
• «Сәтті кадр» — шынайы эмоциялар, шын күлкі мен өмірдің жарқын сәттері. Бұл бөлім көрермендерді қуанышқа, әсерге және өмірге деген сүйіспеншілікке бөлейді.

Фотокөрмеде балалар өз еңбектерімен қоса, сол сәтті түсіру барысындағы әсерлерімен де бөлісті. Мәселен, №26 мектеп-гимназиясының оқушысы Анжелика Кривец өз жұмысында қаланың ырғағы мен қоршаған орта арасындағы үйлесімді көрсетуге тырысқан.
-Менің негізгі идеям — қаланың күнделікті ритмін көрсету болды. Біз көбіне қаланы асығыс, шулы, шуақты немесе шаршаған күйде көреміз. Ал мен сол көріністердің артында да үйлесім, сұлулық, тіпті тыныштық бар екенін көрсеткім келді, - деді Анжелика Кривец.
Ал №105 жайлы мектептің 10-сынып оқушысы Ернұр Айболатұлы тарихи сәттер мен заманауи технологиялардың байланысын бейнелеуді мақсат еткен.
- Алғашқы суреттерімді телефонмен түсіретінмін. Уақыт өте келе фотоның жай ғана бейне емес, бір сәттің терең мағынасы бар құндылық екенін түсіндім, әсіресе замануи технологиялар бағытында фотолар жасаған ұнайды. Кейбір сәттерді түсіру үшін ұзақ күтуге тура келді. Жарық дұрыс түсуі керек, адамдардың қозғалысы үйлесімді болуы қажет. Кейбір кадрларды бірнеше мәрте қайталадым. Бірақ ең қиын болғаны — «сол бір сәтті» жіберіп алмау. - дейді Ернұр Айболатұлы.
Шараның басты мақсаты — балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау, эстетикалық қабылдауды дамыту және адам мен табиғатқа деген құндылық қатынасты қалыптастыру. Фотоөнер арқылы жас буын өмірге жаңа қырынан қарауды үйренеді, қоғаммен, табиғатпен үйлесімде өмір сүрудің маңызын түсінеді. «Шаттық–2025» фото-вернисажы — бұл болашақ шеберлердің алғашқы үлкен қадамы. Жас фотографтардың шығармашылық ізденістеріне шабыт пен қолдау беретін мұндай жобалар қаланың мәдени өмірінде маңызды орын алатыны сөзсіз.