Шерзат Болат (Полат) өліміне қатысты іс бойынша тағы бір айыпталушы — Шыңғыс Белғожаевтан жауап алынды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол төбелеске тікелей қатысқан және Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабымен айыпталып отыр.
Айыпталушы оқиға болған кештің жай-жапсарын баяндап берді. Оның айтуынша, достарымен бірге дәмханада отырған кезінде Дархан есімді танысының соққыға жығылғанын естіп, достарымен бірге "Қамажай" дүкеніне барған."Барсақ, онда он шақты адам тұр екен. Дарханның беті қан болып тұрғанын көрдім. Не болғанын сұрадым – ол біреу ұрғанын айтты. Сол сәтте дүкеннен Қаржаубай жүгіріп шықты да, бізге қарай ұмтылды. Мен оны қайтадан ішке кіргізіп, сабырға шақырдым, бірақ ол тыңдамады", – деді Белғожаев.
Оның айтуынша, сол сәтте атыс басталып, ер адамның оларға қарай екі рет оқ атқанын көрген
"Бірінші оқты естідім, сосын екінші рет атты. Ол артқа шегіне бастады. Жігіттер оған қарай жүріп кетті. Мен де жүгіріп барып, ұра бастадым. Нұрқанатты ұрамын деп ойладым, кейін видеодан қарасам, мен Шерзатты ұрып, тепкен екенмін. Айқай-шу болды, содан кейін бәріміз көлікке отырып, кетіп қалдық", – деді айыпталушы.
Адвокат оның көлігінде мылтық қалай пайда болғанын сұрағанда, Белғожаев нақты жауап бере алмады: "Көлікте жатқан мылтықты көріп, оны алысыраққа лақтырып жібердім", – деп жауап берді.
Сөз соңында ол айыптау актісіндегі Қаржаубайға бірінші болып пышақпен шабуылдады деген тармақпен келіспейтінін айтты. Ал қалған айыптар бойынша кінәсін мойындаудан бас тартпады.
Еске салайық, бұған дейін бұл іс бойынша Нұркияс Ильясов, Азамат Тоқтаубаев және кәмелет жасына толмаған тағы бір айыпталушы жауап берген болатын.