2025 жылдың 29 сәуірінде Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Талғардағы "Қамажай" дүкенінің жанындағы төбелеске қатысушылардың бірі Аскентай Дарханның сыныптастары куәлік етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Сот отырысында куәгерлерден жауап алу жалғасуда. Бұл ретте, сотталушы Аскентай Дарханның екі сыныптасы куәлік етті. Олардың бірі оқиға орнына барған және Дарханды ұстаған полиция қызметкері.
Сотта алдымен Дарханды "Қамажай" дүкенінің жанына көлігімен жеткізіп тастаған Еркебұлан Тоқтарбай жауап берді. Ол сотталушы Аскентай Дарханның сыныптасы екенін және өзге сотталушылар арасында Тоқтатаубаев Нұрбол мен Тоқтаубаев Азаматты танитынын айтты.
"Қазан айының 3 күні кешкі 18:00 шамасында Айдын есімді сыныптасымның үйіне кездесуге бардым. Онда біз менің автокөлігімді жөндедік. Содан 20:00 кезінде Дархан келіп, бір уақытта кетіп қалды. Шамамен 10 минут өткеннен кейін 2 литр сыра көтеріп келді. Оны Айдын мен Дархан ішті. Көлік 22:30 шамасында жөнделіп бітті, сомен біз қайттық",- деді ол.
Куәгер Дарханды ала кеткенін, жолай "Қамажай" дүкенінің маңында түсіргенін айтты. Бұл ретте, ол Дарханның телефон арқылы әлдекімдерден 1000 теңге сұрап жатқанын жеткізді.
"Ақша сұрап отырғанын құлағым шалып отырды. Дүкеннің маңына келгенде өзім қолма-қол 1000 теңге мөлшерінде ақша бердім. Сонымен, сол жерде қоштасып, түсіп кетті".Еркебұлан Тоқтарбай
Белгілі болғандай, Еркебұлан Тоқтарбай оқиға жайлы келесі күні әлеуметтік желіден білген.