ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары Президент атынан ардагерлерге медальдар табыстады, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Жеңіске дейін 100 күн" акциясы аясында және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері соғыс және тыл ардагерлеріне ерен еңбектері үшін құрмет көрсетті. Ұландықтар қан майданнан өткен Анатолий Александрович пен Екатерина Сергеевнаның үйіне барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Сарбаздар ардагерлердің алдында саптық жүріспен өтіп, патриоттық әндер орындады. Ардагерлерге айрықша құрмет көрсетіліп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан арнайы мерекелік медальдар табысталды. Кездесу барысында ардагерлер жүрекжарды лебізін білдіріп, Ұлттық ұлан сарбаздарына ақ батасын берді.
Мұндай кездесулер ардагерлерге құрмет қана емес, сонымен қатар жас ұрпақ үшін терең тәрбие болып табылады. Олар ұрпақтар сабақтастығын, рух пен патриотизмді айқын көрсетеді.