Астанадағы «Esil University» оқу орнының қабырғасында жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған университеттің жыл сайын екі рет өткізетін іс-шарасын бірге ұйымдастыруға Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, қалалық «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі қолдау білдірді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жәрмеңкеге қаладағы 50 жұмыс беруші ұйым, 800-ден астам жұмыс іздеп жүрген азамат, ЖОО түлектері және елорда жастары қатысты.Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы NEET санатындағы жастармен жұмыс бойынша бөлім басшысы Сұлтан Өмірғалиев мұндай іс-шаралар өткізу жастарды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бір бөлігі екенін атап өтті.
Жәрмеңкенің ашылуына келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Назгүл Ахметжанованың айтуынша, бүгінгі таңда елордада Орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттері және жергілікті атқарушы органдар бойынша 300-ге жуық бос жұмыс орындары бар.
Жұмыс берушілер қатарында қалалық мекемелер, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазпошта» сияқты компаниялар және екінші деңгейлі банктер көп. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларындағы мамандықтарды таныстырып, бос жұмыс орындарын ұсынды және келген азаматтар арқылы өздеріне ең қолайлы үміткерлердің базасын қалыптастыруға мүмкіндік алды. Жұмыс іздеушілер компаниялардың HR-менеджерлерімен тікелей тілдесіп, сұхбаттасып, қызықтырған сұрақтарын қойды.