Елордада алғаш рет электросамокаттарға арналған арнайы тұрақ аймақтары ашылады. Жоба пилоттық режимде Нұра ауданында іске асырылмақ. Ол үшін самокаттар жиі тасталып кететін он орын таңдалынады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тұрақтар арнайы жол белгілерімен және сызықтық белгілеумен белгіленеді. Кикшеринг пайдаланушылары сапарларын дәл осы жерлерде аяқтауы тиіс. Бұл тротуар мен жол жиегінде бей-берекет тасталған самокаттарға қатысты шағымдарды азайтуға көмектеседі.
Бұл жұмысқа iKomek жедел әрекет ету және мониторинг орталығы да қосылды. Орталықта самокаттардың дұрыс қойылмауына байланысты шағымдарды жедел өңдеу үшін жаңа жіктеу жүйесі әзірленіп, операторларға арнайы оқыту жүргізілмек.Бастаманы Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығы мен елордадағы барлық кикшеринг компаниялары қолдады. Электросамокат жүргізу мәдениеті мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол картасы да әзірленді. Қалалық басқармалар, полиция және кикшеринг компанияларымен бірлесе отырып, ақпараттық кампаниялар, қауіпсіз жүргізу бойынша сабақтар және ереже бұзушылықтарды анықтау рейдтері ұйымдастырылады.