Алматыда соққан қатты дауыл, үйлердің шатырын жұлып, ағаштарды құлатты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Алматылықтар әлеуметтік желіде қолайсыз ауа райы салдарының видеосын жариялап жатыр. Кадрда алып ағаштың жеңіл көліктің үстіне құлағанын көруге болады.
Ал екпінді жел үйлердің шатырлары мен көше белгілерін жұлып әкетті.
Сондай-ақ, жел ұшырып кеткен құрылымдардың бірі қарт адамға құлаған.
Бұдан бөлек, жаңбыр салдарынан кейбір тұрғындардың балкондарынан су ағып, бірқатар көшені су басып, қаланың кейбір аудандарында қысқа уақытқа жарық өшіп қалды.
Алматыда кешке қарай ауа райы күрт бұзылып, жел тұрып, найзағай ойнап, жаңбыр жауды.
Бұған дейін Қазгидромет Алматыда 5-6 сәуір аралығында нөсер жауын жауып, найзағай ойнап, желдің екпіні секундына шамамен 15-20 метрге жететіні туралы ескерткен болатын.
Осыдан екі күн бұрын мегаполисте дауыл соғып ғимараттардың қасбеттерін опырып түсірген еді.
Еске салайық, осыған дейін Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жасалған болатын.
Синоптиктер еліміздің бірнеше өңірінде жаңбыр құйып, найзағай ойнайтынын жеткізді.