Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында салынып жатқан нысандар туралы жазды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Елордада қосымша тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысы бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Олар қалаға жылу, су, электр энергиясын және т.б. береді. Іске қосылған нысандар – «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылыту станцияларының, ЖЭО-3-тің бірінші кезегі арқасында қалада жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Бұл тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалаға 1100 Гкал/сағ астам қуат берді.
Қаланы қосымша жылумен қамтамасыз ету үшін алдағы жылдары «Телман» жаңа газ жылу станциясы салынып жатыр. Қазіргі уақытта іргетасы мен қадалардың бітелуі бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба елордада тағы 80 мың тұрғынды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Телман» ГЖС құрылысын 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сол сияқты биыл құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3-ті аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл нысанның бірінші кезеңі 2023 жылдың күзінде аяқталып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ, электр желілері бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Біз бірқатар қосалқы электр станциясының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, «Арай» қосалқы станциясы 96%-ға дайын. Бұл жоба Астананы қуаттылығы 80 МВА болатын үздіксіз сапалы электрмен қамтамасыз етеді. Біз оны осы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтаймыз. Сонымен қатар, «Қазыбек» қосалқы станциясының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жоба Теміржолшылар елді мекенін қуаты 80 МВА болатын сенімді әрі тоқтаусыз электрмен қамтамасыз етеді. Нысанды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қалада өмір сүру сапасы ең алдымен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысына байланысты», – деп жазды елорда әкімі.