Маңғыстау облысында қуаты тәулігіне 50 МВт жел электр станциясы және жасыл сутегі өндірісіне бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімінің айтуынша, Қарақия ауданына қарасты Мұнайшы ауылында салынатын «Сарқылмас Қуат» жел электр станциясы 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Құны 13,474 миллиард теңгені құрайтын жоба 45,5 гектар аумақты алып жатыр. Әрқайсысы 6,25 МВт қуат беретін 8 жел генераторынан тұрады.
Құрылыс барысында 120 адам жұмыс істесе, пайдалану кезеңінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жаңаөзен қаласына жаңартылған энергия көздері гибридті электр стансасын салу көзделіп отыр.
Жоба бойынша қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасы (75 000 дана), қуаттылығы 77 МВт жел электр стансасы (11 дана), қуаттылығы 120 МВт газ поршенді электр стансасы электр энергиясын өндіреді. Құрылыс мерзімі 2024-2026 ж.ж.
Сондай-ақ, облыста «жасыл» сутегін өндіру жобасы жүзеге асырылмақ. «Немістің Svevind компаниясы жүзеге асыратын жасыл сутегі өндіру жобасы аясында су тұшыту зауыты, 40 гигаватттық жаңартылатын энергия көздері (жел, күн) станциялары және қуаты 20 ГВт болатын суды электролиздеу қондырғысы салынып, жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегі немесе 11 миллион тонна «жасыл» аммиак өндіруге мүмкіндік береді.
Жобаға 50 миллиард еуро инвестиция құйылып, құрылыс кезінде 3500 жұмыс орны ашылады, ал жобаны пайдалану барысында 1800 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Жоба 2030 жылы толық іске қосылады», - деді Нұрдәулет Қилыбай.