Полиция жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласында жыл басынан бері 5 мың 930 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 6 мың 504 адам зардап шексе, тағы 94-і, өкінішке қарай, көз жұмды.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуы.
– Заңнамада көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілгені баршаға мәлім. Осыған байланысты, көлік құралын басқару құқығынан айырылған, мас күйінде рөлге отырған жүргізушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, – деді Алматы қаласы ПД Анықтау басқармасының басшысы Аян Абдраимов.
Осы жылы қалада адам өліміне әкеп соқтырған ЖҚЕ бұзған, сондай-ақ көлікті басқару құқығынсыз мас күйінде басқарған 120 жүргізуші ұсталды және қамауға алынды.
– Құрметті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары! Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз: қырағы болыңыз, көлік құралын қозғалыс қарқындылығын, ерекшеліктері мен техникалық жай-күйін, сондай-ақ жол және ауа-райы жағдайларын ескере отырып, белгіленген шектен аспайтын жылдамдықпен жүргізіңіз. Есіңізде болсын, жол қауіпсіздігі, яғни жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығы сіздің жолдағы тәртібіңізге байланысты, – деді, А.Абдраимов.