Атырауда жыл басынан бері қоғамдық орында мас күйде жүрген 5000-ға жуық тұлға анықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қоғамдық орындарда мас күйде жүру адамдарға қауіп төндіруі мүмкін, сондай-ақ бұл қоғамдық тәртіптің бұзылуына алып келеді. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін учаскелік полиция қызметкерлері арнайы рейдтер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мас күйде жүргендерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұлдар салынып, кейбір жағдайларда әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалған.
Жыл басынан бері өңірде ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша қоғамдық орындарда мас күйінде болу және ішімдіктерді тыйым салынған жерлерде пайдаланудың 4433 дерегі анықталды. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы яғни, алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзған 132 хаттама толтырылды.
Мұндай құқық бұзушылықтар көбінесе алкоголь өнімдерінің сату ережелерін бұзу, яғни жас ерекшелігіне қарамастан, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату немесе лицензиясыз алкоголь сату сияқты әрекеттермен байланысты.
Айта өтейік, Атырауда қазіргі таңда алкогольді көп тұтынатын 1342 адам профилактикалық есепте тұрса, 42 адам алкогольге тәуелділігін емдеу үшін арнайы алдын алу мекемесіне орналастырылды.