“Қарасора – 2024” жедел алдын алу іс-шарасы аясында Жетісу облысы ПД қызметкерлері Талдықорған қаласында есірткіні жасырын қойып кету арқылы есірткі таратты деген күдікпен 16 жастағы жасөспірім мен 23 жастағы ер адамды ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Кәмелетке толмаған мен оның туысқаны жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде ұсталды.
Талдықорғандағы пәтерде шұғыл тінту барысында кәмелетке толмаған баладан ірі мөлшердегі есірткі заттары табылды. Спорттық сөмкеден полиция қызметкерлері ұнтақ заты бар пластикалық контейнер, төрт полимерлі пакет, изолентамен оралған 12 бума, сондай-ақ электронды таразыларды, әртүрлі түсті 38 бума және 600-ге жуық ZIP пакет, сонымен қатар 522 грамм синтетикалық есірткі затын тапты. Мұның бәрі оның есірткіні таратумен байланысты қылмыстық әрекеттерге белсенді қатысуын көрсетті.
Жасөспірім осы жылдың тамыз айының соңында әлеуметтік желісінде “тиімді” жұмыс жайлы ақпаратты көргенін айтты. Белгісіз куратор есірткіні таратуға қатысқаны үшін жоғары ақы төлеуге уәде беріп, ұсыныс жасаған. Тіркелгеннен кейін ол облыс аумағында есірткіні жасырын салуға тапсырма ала бастаған. Есірткіні қойып кетуші күдіктілер қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Бұл жағдай барлық азаматқа есірткіге тәуелділіктің жойқын салдары туралы еске салады. Есірткі – ғасыр дерті. Есірткіні сақтау, тарату және жасау мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қылмыс екенін есте ұстаған жөн. Заң – бәріне ортақ.