Павлодарлық мұғалімдерМолдабековтер әулетінің 374 жылдан асқан педагогикалық өтілі үшінші ұрпаққа жалғасты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Педагогтер династиясының қазіргі ұстаздық етіп жүрген буыны - Алма, Маржан, Маншүк, Бауыржан, Қайыржан, Жанат, Айгүл, Зауреш, Әйгерім, Инсар, Әлібек, Айсулу ұстаздардың жалпы педагогикалық тәжірибесі 250 жылға жуықтайды. Бұл - бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеп, жас педагогтер үшін өнегеге айналған үлгілі әулет. Ұстаздар династиясы Молдабеков Қасен Сәдуақасұлынан бастау алады, ол өзінің мұғалімдік қызметін Қарақұдық мектебінде матемитика пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін мектеп директоры болған. Оның жалпы ұстаздық жұмыс өтілі 42 жылды құрайды. Онымен бірге білім беру саласында сондай-ақ туған қарындасы Мұқашева Күлжамал Сәдуақасқызы, інісі Қасымтай Сәдуақасұлы да еңбек етіп, отандық білім саласының өркендеуіне үлес қосты. Олардың балалары Алма, Маржан, Маншүк, Бауыржан және Қайыржан – отбасылық дәстүрді жалғастырды, олар екінші ұрпақ буынындағы педагогтер. Бауыржан Қасымтайұлы тарих, Маншүк Қасенқызы математика пәнінің мұғалімі, Маржан орыс тілінен сабақ береді, ал Алма химия-биология бағытын таңдаған. Қайыржан Қасымтайұлы Павлодар қаласының №43 орта мектебінің директоры.Әулеттің үшінші буыны Қасымтайдың келіндері - Айгүл, Зауреш, Әйгерім, сондай-ақ немерелері Инсар, Әлібек, Айсұлу да мұғалім мамандығын таңдады. Инсар дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді, ал Әлібек математика пәнінің мұғалімі, Айсұлу - Павлодар химия-механикалық колледжінің оқытушысы, Ғалымбек – Абай атындағы педагогикалық университеттің студенті.
«Біздің әулетіміз қай уақытта да педагогикамен тығыз байланысты болып келді. Ата-аналарымыз барлық саналы өмірлерін өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге сарп етті, олар оқушыларына тек білім ғана беріп қоймай, өмірде қажетті құндылықтарды сіңіруге тырысты. Біз кішкентай кезімізден мұны көріп өстік. Енді менің де балаларым отбасында көрген тәрбиенің үлгісінде ұстаздар жолын өздері таңдады. Бұл біздің отбасылық дәстүр ғана емес, балаларға білім беру, оларды өз балаңдай жақсы көру сезімінің, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің балаларыма берілгені үшін кеудемді мақтаныш кернейді», - дейді Қайыржан Молдабеков.Молдабековтер әулеті өз мамандығына деген адалдық пен махаббатты көздерінің қарашығындай сақтап, атадан балаға мирас етіп келеді. Қазақстанда мұндай ұстаздар әулеті аса көп. Өз ісіне адал ұстаздардың еңбегі еліміздің болашағын қалыптастыруда негізгі рөл атқарады.