Тұран даңғылындағы жаңа скверлерге 300 ағаш отырғызылдыЕлордадағы Тұран даңғылындағы екі жаңа саябақ көгалдандырылды. Ағаш отырғызуға 200-ден астам еріктілер қатысты. Көгалдандыру жалпы қалалық сенбілік аясында жүргізілді.
«Жалпықалалық сенбілік барысында Нұра әкімдігі Хан шатыр СОО жанында орналасқан екі скверге 300 дана ағаш отырғызды. Жалпы қалалық отырғызу сенбілігіне ардагерлер кеңесі, спортшылар, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері, аудан активі және белсенді қала тұрғындары қатысты. Бүгін біз емен, шырша, қарағай, қайың, қарағаш, алмұрт сияқты ағаштарды отырғыздық. Сәуір айынан бастап 5000-нан астам ағаш пен 140 мың бұта отырғызылды. Күзгі кезеңде 4000 ағаш пен 16 мың бұта отырғызуды жоспарлап отырмыз»,-деді Астана қаласы «Нұра» ауданы әкімі аппаратының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы Жансейіт Тынбаев.
Акцияны қолдаған еріктілерге ұлттық тағамдар мен самаурыннан шай ұсынылды. Акцияны аудан ардагерлері де, жас белсенділер де қолдады.
«Біздің ұйымның еріктілері сенбіліктерге, түрлі экологиялық акцияларға, оның ішінде «Таза Қазақстан» акциясына тұрақты қатысады. Бүгінде мұнда тек жас еріктілер ғана емес, «күміс еріктілер» де бар. Мұндай акциялар барлық жастағы адамдарды біріктіреді және елді жасыл әрі таза етуге көмектеседі», - деп атап өтті «Жасыл ел» республикалық жастар штабының басшысы Нұрасыл Бекматов.
Айта кетейік, елордада жалпықалалық сенбілік өтті. Ол қала аумағын тазалауға шыққан жүзмыңдаған адамды біріктірді. Акцияға көппәтерлі үйлердің тұрғындары, бизнес және құрылыс объектілері, әлеуметтік мекемелер қатысты. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген полигондарды жою, аялдамаларды, көшелер мен тротуарларды санитарлық жуу жүргізіледі.