Олимпиаданың қола жүлдегері, қазақстандық боксшы Назым Қызайбайды Париж төрінде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин ХОК шақыртуымен әйелдер боксынан Олимпиада жүлдегерін марапаттау рәсіміне қатысты.
Сондай-ақ, француз дәстүрі бойынша әйгілі Ролан Гаррос аренасында финалдық сессияны ашты.
Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Назым Қызайбай ел қоржынына қола медаль салды.
50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юге есе жіберді.
Осылайша, Назым Қызайбай өз карьерасында тұңғыш рет, өзі қатысқан алғашқы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанып отыр.
Назым Қызайбай кейінірек қазақ қыздары арасындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы болғысы келгенін айтты.
"Әйелдер боксынан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атану арманым болды. Дзюдошы қыздармен Парижде жолыққанда да соны бір бірімізге тіледік. Қазір өзіме аса көңілім толып тұрған жоқ. Өйткені алтын алғым келді және жеңуге болатын қарсылас еді. Алайда қытай қызы жекпе жек барысында алдап кетті. Оған қоса менде "Қолаға жеттің, енді алтын алу керек" деген жүктеме тұрғандай болды. Сол кедергі келтіргендей. Жеңсем де, жеңілсем де қасымнан табылатын отбасыма, достарыма рақмет айтамын!"Назым Қызайбай