Жамбыл облысында абаттандыру ережелерін бұзған 4 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шағын аудандар мен жеке сектор тұрғындарымен тәртіп сақшылары 500-ден астам кездесу өткізді, 381 мектепте “Киелі мекен”, “Жасыл аймақ”, “Өнегелі ұрпақ” тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді. Аталмыш іс-шарада полиция қызметкерлері осындай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік пен әкімшілік жазалау шаралары туралы ескертті.
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар бірнеше кезеңде жүргізілді: бұзушылықтың алдын алу және анықтау.
Полиция қызметкерлері жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін мыңнан астам азаматты, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзғаны, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын бүлдіргені үшін 4510 адамды жауапқа тартты. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі 10 245 300 теңгені құрады.
– Айыппұлдар мен әкімшілік жазалар құқық бұзушыларға әсер етудің тиімді шараларының бірі екені сөзсіз. Десек те, өкінішке орай, жауапқа тарту шаралары мәселені шеше алмайды. Экологиялық тәрбие мен мәдениетті ерте жастан қалыптастыру қажет. Адамдар айыппұлдан қорыққаннан емес, өз қаласын жақсы көргендіктен қоршаған ортаны қоқыспен ластамауы керек. Балалар мен жастар арасында экологиялық білім беру деңгейін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізе отырып, болашақта экологиялық сауатты халыққа айналуымыз қажет, – деді Жамбыл облысының ПД бастығы Арманбек Баймурзин.
Бүгінгі таңда облыс аумағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің 40-қа жуық нүктесі анықталып, оларды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.