Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев электр стансаларындағы жұмыс барысы туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілішсі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, жүйелік оператор бекіткен электр стансаларында жөндеу кестесіне сәйкес, 2024 жылы 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған.
«Қазіргі сәтте 3 энергия блогында, 32 қазандықта, 16 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңде жүргізіліп жатыр. 1 энергоблокты, 6 қазандықты және 9 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды», — деп мәлімдеді министр.
Биыл электр желілері бойынша жалпы ұзындығы шамамен 20,8 мың км электр беру желілерін, 423 бірлік жоғары вольтты қосалқы стансаны күрделі жөндеу көзделген. Қазіргі уақытқа дейін 4,1 мың км электр беру желілері мен 227 қосалқы станса, 909 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.
Алайда, жылумен жабдықтау нысандарын дайындауда өңірлерде мерзімнен кешігу бар.
«Негізгі жабдықты жөндеуді бастау мерзімдерінің сақталмауы Жамбыл («Таразэнергоцентр» АҚ ЖЭО-4), Қарағанды («Qarmet» АҚ ЖЭО-2, ГРЭС Топар) және Павлодар («Павлодарэнерго» АҚ) облыстарындағы электр станцияларында байқалады. Министрлік жылыту кезеңіне дайындық кезінде қосымша көңіл бөлетін энергетикалық кәсіпорындарды анықтады», — деді А. Сәтқалиев
Энергетика мнистрінің мәліметінше, Риддер жылу электр орталығында №5 қазандықты жөндеуді бастайтын мерзім өтсе де, жұмыс әлі басталмаған. Белгіленген мерзімде циркуляциялық су құбырын ауыстыруды, №4 турбинаны жөндеуді және күл үйіндісін тазалауды аяқтау маңызды.
Ал, Екібастұз жылу электр орталығында жөндеу жұмыстарының басталу мерзімі мамырдан маусымның үшінші онкүндігіне ауыстырылды. Онда биылғы қыркүйек айына дейін 4 су жылыту қазандығына жоспарланған жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет.
Теміртаудағы екінші жылу электр орталығында «Qarmet-тің» №1 қазандығын жөндеуді бастау мерзімі маусымнан тамызға – 2 айға шегерілді. Жұмыс көлемін қысқарту жоспарлануда. Жаңа №7 қазандықты салу жұмыстарын жеделдету қажет.
«Жезқазған ЖЭО-да тиісті резервті қамтамасыз ету үшін №5 қазандықты жөндеуді қыркүйекке дейін жеделдету керек. Жөндеу жұмыстарының бір бөлігін өткен жылдан биылға ауыстыруға байланысты «МАЭК» электр стансаларында энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын жеделдету қажет. Кентау ЖЭО-да №5 қазандықты жөндеу әлі басталған жоқ, ал №8,11-қазандықтарды реконструкциялау бойынша мерзім сақталмаған. Ал №7 және 12 қазандықтарды реконструкциялау енді ғана басталды», — деп мәлімдеді энергетика министрі.
Сондай-ақ Степногорск жылу электр орталығында да жөндеу мерзімдерін кейінгі мерзімге ауыстыру тіркеліп отыр. Бұл тұрғыда энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін ауқымды кредиторлық берешегі – маңызды проблемалық мәселе болып саналады.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» алдындағы берешегі 24 млрд 695 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» алдында да 6 млрд 029 млн теңге сомасында берешегі бар. Энергетикалық кәсіпорындарға берешекті тезірек жабу қажет.
Энергетика министрлігі алдағы 2024-2025 күзгі-қысқы кезеңге ойдағыдай дайындалу үшін жөндеу жұмыстарын қажетті көлемде және келісілген мерзімдерде орындауды басшылыққа алғалы отыр. Екіншіден, жоспарланған жөндеу жұмыстарының көлемін, оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар бойынша қысқартуға жол бермеу қажет. Үшіншіден, энергия көздерінде отынның және қосалқы бөлшектердің нормативтік қорын жасау керек. Бұл ретте министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жылыту маусымына дайындық барысын бақылауды жалғастырады.
Министрдің айтуынша, көмір қоры бойынша жағдай тұрақты. Электр стансалары қоймаларында көмірдің қоры 3,4 млн тоннаны құрайды. Бұл былтырғы кезеңдегі көрсеткіштен 3%-ға артық. Мазут қоры – 97 мың тонна, былтырғы деңгейден 4%-ға жоғары.
«Көмір өндіретін кеніштерімен және “Қазақстан темір жолы” компаниясымен бірлесіп, ай сайын селекторлық жиналыс өткіземіз. Қазіргі уақытта министрлік әлеуметтік мазутты жеткізу кестесін қарастыруда. Кестені мерзімінен бұрын бекіту үшін әкімдіктердің бұл жұмыстарды тездетуін сұрастырып жатырмыз», — деді А. Сәтқалиев.