Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Түрікменстанда өткен ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ашхабадта Олжас Бектеновті Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қабылдады. ҚР Үкіметінің басшысы Түрікменстан Президентіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Әңгімелесу барысында өзара құрметке негізделген екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейі атап өтілді. Екі ел арасындағы тауар айналымы бір жылда 28%-ға артып, $563 млн-ды құраған. Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы $105 млн-ға жетті. Газ саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен қазақ-түрікмен жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
ТМД ҮБК отырысында Достастықтағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Кездесу нәтижесінде түрлі салалардағы интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған құжаттар топтамасы қабылданды.
Үкіметтер басшылары экономикалық ынтымақтастықтың бағыттарын талқылады. Көлік, энергетика, химия өнеркәсібі, экология және қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу, денсаулық сақтау, зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар мәселе қаралды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов тауар номенклатурасы мен логистиканың тиімділігін кеңейту арқылы сауда байланыстарын нығайту қажеттігін атап өтті. Бірегей тетіктердің, атап айтқанда, еркін сауда аймағының жұмыс істеуі Достастықтың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан Үкіметінің басшысы ТМД-ның инвестициялық экожүйесін жақсарту мәселесіне жеке тоқталды.
ТМД-дағы көлік дәліздерін дамытуға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстанға әкелінген инвестицияның жалпы құны $35 млрд-тан астам болатын транзиттік трансконтиненталдық маршруттар желісі қалыптасты, бұл Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық тасымалдардың 80%-нан астамын ел аумағы арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Олжас Бектенов тиімді логистикалық тізбекті құру үшін тарифтік саясатты үйлестіру және кедендік рәсімдерді цифрландыру бойынша өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ отырыс барысында ауыл шаруашылығы саласында және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жеделдету шаралары қаралды.
«Біз экономикалық тұрғыда өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізуге, елдің берік "өнеркәсіптік негізін" құруға, маңызды инфрақұрылымды жаңартуға, агроөнеркәсіп кешенін қайта жүктеуге және Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалануға мүдделіміз. Аталған мақсаттарды толыққанды іске асыру үшін біз негізгі серіктестерімізбен ынтымақтастығымызды нығайту маңызды екеніне сенімдіміз», — деп атап өтті Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Кеңес қорытындысы бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін 11 құжатқа қол қойылды. ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 7-8 қарашада Ресейдің Сочи қаласында өтеді.
Отырыс аясында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров екіжақты кездесуі өткізді. Күн тәртібінде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды. Үкіметтер басшылары екі елдің мемлекет басшылары қойған тауар айналымы көлемін $3 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі жаңа міндетті орындау жөніндегі жұмысты тездетуді құптады.