Мегаполистің бірнеше шағын ауданы бір аптаға жуық сусыз қалған. Қала әкімшілігі тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге міндетті компанияның сот арқылы жауапқа тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Бұған дейін қиын жағдайда қалған «Ерменсай» шағын ауданының тұрғындары жаңбыр суын шелектеп жинап жатқанын жазғанбыз.
«Водснаб ГПВ» ЖШС (бұрынғы «Орхан» ЖШС) - «Асқартау», «Ерменсай», «Ақтөбе» шағын аудандарының, «Ремизовка» бау-бақша серіктестігі, «Дружба» бау-бақша серіктестігі, «Курортное» бау-бақша серіктестігі және «Ремизовка», «Сакура», «Династия» сынды ірі ТҮК тұрғындары үшін басты су жеткізуші.
17 мамыр күні аталмыш компанияның жеке меншігіндегі сумен жабдықтау құбыры жарылған. Төтенше жағдай 18 мамырда жойылып, бірақ сол күні сорғы станциясы істен шыққан. 19 мамырда сорғы қалпына келтірілсе де, оның қуаттылығының төмендігіне байланысты сумен қалыпты жабдықтау мүмкін болмады. Қала әкімдігінің араласуынан кейін тұрғындарды сумен қалыпты қамтамасыз ету үшін «Водснаб ГПВ» ЖШС басқа сорғыны сатып алып, орнатады. Бірақ тұрғындардың бір мезетте су алуына байланысты су қысымы төмендеп кеткен.
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл аумақ облыстан қалаға қосылғанға дейін де онда су мәселесі болған.
- Ауданның оңтүстік бөлігі бір кездері Алматы облысының аумағы болған. Қалаға қосылуымен қордаланған мәселелер, соның ішінде сумен жабдықтау түйткілі де бәз-баяғыша қалды. «Водснаб ГПВ» ЖШС әл-Фараби даңғылындағы ШЖҚ «Алматы Су» МКК қалалық желілеріне қосылған және су беру үшін өз сорғыларын пайдаланады. Сорғылар жиі істен шығады, өйткені компания жабдықтар мен желілерді қайта құруға ақша шығармайды. Инженерлік желілерді салу кезінде «Водснаб ГПВ» ЖШС құрылыс нормаларын бұзды: төсеу тереңдігі төмендетілгесін (1.0 метрден аз) қыста су құбыры қатып қалды. Сонымен қатар құбырлардың гидроизоляциясы жоқ, су құбыры мен кәріз бір траншеяда электр желілерімен қиылысады, желілерді бақылау схемалары жоқ, бекіту арматуралары ақаулы күйде тұр, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Алматы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, компанияның сумен жабдықтауға арналған тарифі жалпықалалыққа қарағанда 75%, кәріз қызметі екі есе қымбат. Қазіргі уақытта шаһар әкімшілігі жекеменшік ұйымды заң жүзінде жауапқа тартуды көздеп отыр.
- Мәселені кешенді шешу үшін қала әкімдігі заңда белгіленген нормалар аясында бұрынғы «Орхан» ЖШС желілерін коммуналдық меншікке беру жөнінде шаралар қабылдап жатыр.
«Орхан» ЖШС-нің сапасыз қызмет көрсетуі туралы іс бойынша сот процесі бір жылдан астам уақытқа созылады. Бірақ қызмет көрсетуші табиғи монополиялар туралы Заңның 11-бабын пайдалана отырып, тіркеу орнын үнемі Алматыдан Алматы облысы мен Астанаға өзгертеді. Осылайша компания жауапкершіліктен жалтарып отыр.
Компанияны жауапкершілікке тарту мәселесі құқық қорғау органдарының бақылауында, - деп нақтылады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ қала әкімшілігі аталған аумақтағы су мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңа су станциясының жобасын әзірлеп жатқанын хабарлады.
- Аталған аумақ тұрғындарын үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін Алматы әкімдігі осы ауданда бюджет қаражаты есебінен желілер мен құрылыстар салу арқылы қызметтерді орталықтандыру туралы шешім қабылдады. Әл-Фараби даңғылының оңтүстігіндегі халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы өнімділігі тәулігіне 9000 текше метр болатын «Ерменсай» су жинау және су дайындау станциясы» жобасын әзірлеп жатыр. «Алматы Су» МКК ЖСҚ («ЭВК-Техника KZ» ЖШС бас жобалаушысы) 9-шы ГЭС қысым бассейнінен су алу құрылысына, ұлғайту сорғы станциясына (ПНС №1, h=75м), ұзындығы 2,7 км су құбырына және құрылыс кешені бар су дайындау станциясына әзірленеді. Қазір жоба-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, қорытындысы биыл маусым айында шығады.
Алматы әкімдігі бұл мәселеде біржақты ұстанымда – тұрғындар қызмет көрсетушінің жауапсыздығынан зардап шекпеуі керек, ал міндеті салғырт қараған жеткізушілер Алматыда жұмыс істемеуі керек, - деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігінен.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жылдан-жылға өсіп келе жатқан су тапшылығы мәселесінің шешімін ұсынған мамандардың пікірімен бөлістік.