Ақмола облысында ауруханада жатқан емделуші өзгенің 3 млн теңгесін қалтаға басқан, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
9 сәуірде Степногорск қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан ұрлық фактісі туралы өтініші келіп түсті. Ер адам 20 наурызда өзіне тиесілі депозиттен белгілі банктің қосымшасында белгісіз адам 3,6 млн теңге сомасында ақша қаражатын ұрлап алғанын хабарлады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол 26 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Екі адам да қалалық ауруханада емделіп жатқаны анықталды. Оңалту орталығына ауыстырылғаннан кейін жәбірленуші күдіктіден аурухана бөлмесінде қалған телефонды алып келуін сұрады. Жәбірленушінің мобильді құрылғысы мен банктік қосымшаларына пароль орнатылмағанын пайдаланып, қаскүнем өтініш берушінің депозитінен ақшаны өзінің банктік шотына аударған.
Полиция басқармасы осы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.