Бұл туралы 2024 жылғы 26 наурызда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Қытай Халық Республикасы ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниазбен екіжақты кеңейтілген кездесу барысында уағдаласты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Серік Жұманғарин ШҰАА делегациясын жылы қарсы алып, Шыңжаң Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
«Серпінді өсу үрдісі біздің сауда қарым-қатынастарымыздың әлеуетін толық ашқан жоқ деп санаймын. Біз тауар айналымын әртараптандыруға және жеткізілетін өнім номенклатурасын кеңейтуге бағыт алып отырмыз. Бұл үшін біз Қытай тарапының 2024 жылғы 26 маусымда Үрімжіде ІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу туралы ұсынысын қолдаймыз. Біз сондай-ақ «Қытай-Еуразия» ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысуға дайындалып жатырмыз, оның аясында форум өтеді. Қазақстан оған дәстүрлі түрде қатысады. Бұл жолы алаңды ұлғайтып, көбірек кәсіпкерлер шақырамыз, ұсынылатын өнім түрін көбейтеміз», — деді Қазақстан вице-премьері Қытай тарапына.
Өз кезегінде Эркин Тунияз екі мемлекет басшылары арасындағы келісімдерді жүзеге асыру нәтижелеріне ерекше тоқталып, бұл қарым-қатынастарға 2023 жылғы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үрімжіге сапары мен ШҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйдің Қазақстанға жасаған сапары ерекше серпін бергенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстанмен сауда ШҰАА сыртқы тауар айналымының 40%-ын құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша біздің тауар айналымымыз $20 млрд-қа жетіп, 70%-дан астам өсті. 2024 жылдың 2 айында – $3,6 млрд-ты құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 89,5%-ға жоғары. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ШҰАА жалпы ішкі өнімнің өсімі бойынша ҚХР-да 4-ші орынға, ал сыртқы тауар айналымының өсімі бойынша екінші орынға ие. Қазір біз ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттары бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», — деп мәлімдеді ҚХР ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы.
Кездесуде тараптар сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, су үнемдеу технологиялары, құнды қағаздар, «Қорғас» ШЫХО-ны дамыту, медицина саласында бірлескен кәсіпорындар құру және ашу, жерді қашықтықтан зондтау, білім беру, туризм мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.